Эфирде

Бағдарламалар кестесі
06:00
Ары қарай

Мың тағзым Сізге, Ардагер!

Мина Сейітқызы Сейітова – Қазақ радиосының ардагері. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, радиохабар тарату інінің қайраткері, КСРО-ның құрметті радисі, еңбек ардагері.
1919 жылы 25 тамызда дүниеге келген. Қазақ радиосында 1934 жылдан бастап, қызмет атқарған.  «Құрмет» орденімен, «Отан соғысы кезіндегі  тылдағы қызметі үшін» орденімен, «Жеңіске -  40 жыл» медалімен, ҚазССР Жоғары Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен  марапатталған.
Дарынды диктор радиоға келгенге дейін медицина институтында Мәншүк Мәметовамен бірге оқыған. Оның сөйлеу шеберлігіне Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловскийлер ризашылық білгірген. Микрофон алдында 44 жыл қызмет етіп, талай дикторларға, сонымен қатар Бибігүл Төлегенова, Ермек Серкебаев, Мұқағали Мақатаев сынды ұлттық мәдениетіміздің марқасқаларына ұстаз болған. Оны Юиий Левитан, Елизавета Емельянова сияқты Одаққа танымал дикторлар құрмет тұтты. 1943 жылы радионын жетекші дикторынан аға дикторына ауысқан Мина Сейітқызының орнына Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев қызметке алынды.          
 
Әнуарбек Нығметжанұлы Байжанбаев (26.3.1923, Семей — 27.10.1989, Алматы) — диктор, Қазақстанның халық әртісі (1973).  Ол 1923 жылы Шыңғыстау бөктерінде дүниеге келген. Әкесі Нығметжан қазақтың ұлы ақыны – Абай Құнанбайұлының досы болған. Әнуарбек Байжанбаев жастайынан қызмет етіп, баспаларда газет таратқан. 1942 жылы Алматыдағы Журналистика институтын тәмамдамастан, майданға аттанады. 1943 жылы соғыста жараланып, Алматыға қайта оралады. Алғаш эфирге шағын хабарландыру оқып шыққаннан (24.6. 1943) бастап өмірінің соңына дейін Қазақ радиосында, теледидарында (1958—1962) диктор, аға диктор болып қызмет атқарған. Радиода қызмет атқарып жүріп, ҚазМУ-дың Журналистика факультетін тәмамдайды. 1-дәрежелі Отан соғысы орденімен марапатталған. Ол тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылған (1991).
Қазақ радиосының «Алтын қорында» оның 400-ден астам жазбасы бар. Оның ішінде Жеңісті хабрлау туралы мәлімет – баға жетпес асыл мұра. Әнуарбек Байжанбаевтың әсерлі сөз саптауы бөріктілер дауысының эталонына айналды. Әйгілі Левитанға еліктемесе де, шебелікке деген құрмет пен сүйіспеншілік оы бәрібір «Қазақтың Левитаны» атандырды.
 
Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев (4 шілде 1926, Петропавл, Қазақ КСР) — әнші. КСРО Халық әртісі (1950), Қазақ КСР Халық әртісі (1956), профессор (1983), Қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері (1986), Қазақ радиосының ардегері, диктор.
Ол үшінші сыныптан бастап оқуын Алматыдағы № 54 мектепте жалғастырады. Жетінші сыныптан бастап П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищеде оқуын жалғастырды. 1941—1943 ж. П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде скрипка класы бойынша оқыған. Осы мезгілде Серкебаевтар отбасының материалдық жағдайы қиындағандықтан, Ермек үш жылдай оқыған соң, оны тастап кетуге мәжбүр болды. Тағдыр оны радиоға дикторлыққа әкелді, оған қоса киностудияда қызмет етті. Әншілікке барша ықыласымен берілуге хор жетекшісі Антон Максимович Москаленко әсер етті скрипкада ойнай білетінін естіген соң оны хорға әншілікке шақырды. Ермек бірден әйгілі опералардағы классикалық арияларды орындай бастады. Чайковскийдің «Иоланта» операсындағы Роберттің ариясын атақты әншілерден кем орындамайды. Мәскеуде әндерін үнтаспаға жаздырды. Сол кезде Левинтанмен танысады.
1951 ж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын (вокал бойынша) бітірген. Студент кезінде Абай атындағы Опера және балет театрының шығармашылық ұжымына қызмет істеген. Абай партиясын (А. Жұбанов пен Л. Хамиди, «Абай») орындаған. 1973 ж. Алматы консерваториясының жеке дауыста ән айту кафедрасының оқытушысы болған.
Вокалистер конкурсының (Будапешт, 1953) лауреаты. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1977) және Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының (1972) иегері. «Музыка» аталымы бойынша 2000 ж. «Тарлан» сыйлығын жеңіп алған. «Отан», Ленин (2 мәрте), Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен және медальдермен марапаталған.
 
Мұқағали Мақатаев (1931-1976, шын аты Мұхаммедқали) – қазақтың лирик ақыны, Қазақ радиосының ардагері, диктор. 1931 жылы 9-шы ақпанда Алматы облысы, қазіргі Райымбек (бұрынғы Нарынқол) ауданының Қарасаз ауылында дүниеге келген.  1948 жылы Шибұт ауылында ауылдық кеңестің хатшысы,1954 жылы Қарасаздың бастауыш мектебінде орыс тілі мұғалімі, 1957 жылы Республикалық радионың диктор қызметін атқарады; 1960-62 – «Советтік шекара» газетінің бөлім меңгерушісі болып, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» журналында жұмыс істейді; Ол 1962 жылы Алматыға қоныс аударып, әдеби ортаға етене араласа бастайды. Алматы Шет тілдері институтының неміс тілі, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультеттерінде оқып және Мәскеудегі М. Горький атындағы әлем әдебиеті институтында білім алады. «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің (1962-1963 жж.), «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») (1963-1965 жж.), «Жұлдыз» (1965-1972 жж.) журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында (1972-1973 жж.) қызмет атқарады. Мұқағали Алматыдағы қазақ әдебиеті мен өнерінің қаймақтары шоғырланған ортада өткерген аз ғана жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын танытып, өнімді еңбектене білді. Мұқағалидің «Қарлығашым, келдің бе?», «Дариға жүрек» (1972 ж.), «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің» (1975 ж.), «Соғады жүрек», «Шолпан», «Жырлайды жүрек», «Өмір-өзен», «Өмір-дастан» және т.б. жыр жинақтары, сондай-ақ, «Қош, махаббат!» (1988 ж.) атты прозалық кітабы да бар. Көптеген өлеңдеріне ән жазылды. Өзін аудармашылық қырынан да сынап көрген Мұқағали Дантенің «Құдіретті комедиясының» «Тамұқ» деген бөлімін (1971 ж.), Шекспирдің «Сонеттерін» (1970 ж.), Уолт Уитменнің өлеңдерін (1969 ж.) қазақ тіліне аударды. Сондай-ақ, Н.Тихонов, Р.Бернс, Ф.Ансари, А.Акопян, А.Исаакян, Е.Евтушенко, Ф.Моргуннің бірнеше өлеңдерін аударды. Ю.А. Александров, М.М. Курганцев тәржімалаған ақын өлеңдері «Зов души» деген атпен орыс тілінде басылып шықты.
 
Өмірбек Байділдаев (10.5. 1932 жылы туған, Қордай ауданы, Күнбатыс ауылы – 6.12.1997, Алматы) – композитор, Қазақ радиосының ардагері. Қазақстан Журналистер Одағының (1965), Қазақстан Композиторлар Одағының (1971) мүшесі. Құрманғазы атындағы Консерваторияны халық аспаптары мамандығы бойынша бітірген (1952). Студент кезінде Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінде домбырашы, Ә.Қашаубаев атындағы музыкалық училищеде мұғалім болып жұмыс істеді. 1957 – 65 жылдары радио және теледидар комитетінде жауапты редактор, бас редактор, 1965 – 67 жылдары Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасының Алматы студиясында аға музыкалық редактор, 1967 – 97 жылдары Қазақ мемлекеттік қыздар институтында музыка теориясы және тарихы кафедрасының меңгерушісі болды. Ол 70-ке жуық лирикалық әндер мен 80-ге жуық жас өспірімдерге арналған әндер, хорлар, көптеген симфоникалық шығармалар жазды. Сондай-ақ, қазақ халқының музыкалық мұрасын зерттеумен айналысты. Қазақ радиосы мен телеарнасына 100-ден астам «Алтын қорға» жазылған музыкалық хабар ұйымдастырды. Олардың ішінде «Әсемдік әлеміне саяхат», «Камертон», «Музыка әлемінде» деген хабарларды ерекше атап көрсетуге болады. Ө.Байділдаев жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру бағытында да көп еңбек сіңірді. Мектеп оқушыларына арнап тұңғыш рет музыкалық пәнінен оқулықтар жазды.
 
Жанель Асқарова (1932-2004) – Қазақ радиосының ардагері, диктор. 1932 жылы Қарқаралы ауданы, Егіндібұлақ ауылында дүниеге келген. Алматыдағы қаздар педагогикалық институтының филология факультетін 1955 жылы тәмамдаған. 1961 жылы Республикалық дикторлар конкурсына қатысып, жеңімпаз атанады. Осылайша, ол қасиетті қара шаңыраққа 1961 жылы келеді. Жоғарғы диктор дәрежесіне де қол жеткізеді. Сөз өнерінің небір саңылақтары қызмет етіп, небір таланттарды тәрбиелеп шығарған Қазақ радиосы Жанель Асқарованың шығармашылығына да үлкен жол ашқан. Қазақ радиосында көптеген хабарларды жүргізген. Бірнеше мәрте Кеңес Одағы көлеміндегі байқаудың үздігі атанған. «Ең жоғары дәрежелі диктор» деген атаққа да ие болды.
 
Сауық Мәсіғұтқызы Жақанова 1945 жылы 11 ақпанда Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының Еркіндік ауылында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген (1966), филолог, доцент. «Сөйлеу техникасы» (2002), «Жүргізушінің сөйлеу мәдениеті» (2004) кітаптарының авторы. Қазақ және орыс тілдерін біледі. 1966-2002 жылдары - Қазақ радиосының дикторы. 1998 жылдан бері - Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының сахналық сөйлеу пәнінің дәріскері. 2000 жылдан бері - әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде дәріскер, доцент. «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған (1985). Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі (1995).
 
Тоқсын Құлыбеков 1951 жылы Қоянкөз ауылда туған. 1970 жылы Мемлекеттік Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның актерлік бөліміне түсіп, 2 жылдан соң қазақ радиосында диктор болып қызмет атқарады. Ол қазақтың Левитаны атанған Қазақстанның халық әртісі Әнуарбек Байжанбаевтың алдынан дәріс алып, дикторлық мамандықтың қыр-сырына қанықты.
Тоқсынның орындауындағы 40-қа жуық хабар мен радиоқойылымдар бүгінде «Алтын қорда» сақтаулы. Өнердегі тұсауын «Қазақстан» телерадиокорпорациясынан бастаған талант 1985 жылдан «Тамашаның» көркін қыздырып, төрін жайлайды.